«Ұлы Абайға 175 жыл"
Тәрбие сағатының тақырыбы: « Ұлы Абайға 175 жыл».
Сабақтың мақсаты: Ұлы ақынның өнегелі өмірімен танысады, шығармаларына шолу
жасайды, өлеңдерін, әндерін мәнерлеп оқиды. Сөз өнерінің қыр – сырымен танысады.Көркем сөйлеуге,
өз бетімен іздене білуге , шығармашылықпен жұмыс істеулеріне көмектесу. Оқушыларды туған жерге
деген сүйіспеншілікке, Отан тыныштығын қорғауға, адамгершілікке, табиғат әсемдігін түсінуге,
қасиетті нәрселерді қадір тұтуға тәрбиелеу
Сабақтың көрнекілігі: Абай портреті, кітаптар, шығармалары, қанатты сөздер, слайд,
Сабақтың барысы:
І Ұйымдастыру кезең.
ІІ.Топқа бөліну
Қазір менің қолымда жыл мезгілдеріне байланысты суреттер бар.Осы суреттерді таңдау арқылы 4 топқа бөлінейік
Мұғалімнің кіріспе сөзі:
-Балалар, осы ағымдағы 2020 жылы тарихи атаулы күндерге толы екен. Олар қандай атаулы күндер?
-Қазақ хандығының 555 жылдығы, ҰОС жеңістің 75 жылдығы, Қазақстан халықтары ассемблеясының 25 жылдығы,
қазақтың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдық мерейтойы.
Иә, халық тарихи дамудың қаншама биігіне көтерілседе Абай аты мен Абай сөзі әрдайым оның аузындағы жыры,
көкірегіндегі иманы, санасындағы ұжданы болып қала береді.
Назым:Бүгінгі тәрбие сағатымыз «Ұлы Абайға -175 жыл» атты сынып сағатымызда қазақтың ұлы ақыны
Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналады. Абай философ,заңгер,ақын, аудмашы, сазгер, дара ойшыл,
кемеңгер,Абай жазба әдебиетінің негізін салушы, гуманист, қоғам қайраткері, әділ би, ағартушы-ұстаз.
Абай қазақ тіліне А. С. Пушкиннің, Ю. М. Лермонтовтың,
Л. Н Толстойдың, Салтыков –Шедриннің, Гетенің шығармаларын қазақшаға аударды.
Өлсе өлер табиғат, адам өлмес.
Ол бірақ қайтіп келіп ойнап – күлмес.
Мені мен, менікінің айырылғанын,
“Өлді” деп ат қойыпты өңкей білмес.
Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге сыя ма, айтыңдаршы.
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған – дегендей бүгін біз артында өлмейтұғын сөз қалдырған
ұлы ақын атамыз – Абай Құнанбайұлы туралы сөз қозғамақпыз.
Ал енді белсенді тақтаға назар аударайық Абай Құнанбаевтіңөмірбаяны туралы видиосюжетті
тамашалайық. (Дильназ-түсіндіреді)
Негізгі бөлім.
1-оқушы:Абай – Ибраһим.
Абай 1845 жылы жылан жылында туылып, 1904 жылы 60 жасында Семей уезінің Шыңғыс болысында дүниеден қайқан.
Негізгі аты – Ибраһим болса да, «Абай» деп жас Ибраһимді анасы Ұлжан еркелетіп атаған.
Содан бері бұл есіммен Абай тарихқа енді.Абайдың бар өмірі өзі туып өскен Шыңғыс болысы,
қазіргі Абай ауданы, бұрынғы Семей облысында өтті.
2-оқушы:
Абай әке жағынан алғанда Тобықтының белгілі шонжары мен батыр биінен тарайды.
Оның бабасы Тобықтының биі болған. Абайдың әкесі Құнанбай Қарқаралы округінің аға сұлтаны болған.
Ал, шешесі Ұлжан Бошан руынан тарайды.
3-оқушы:
Әкесі - тілге шешен, ақылға бай, қатыгез, ал шешесі керісінше ағайын-туысқа қайырымды, мінезі жұмсақ,
тілге бай адам болған.Міне, сәби шағынан-ақ Абай от пен судай екі ұдай, кереғар мінезді адамдар ортасында өмір кешті.
Аяулы әжесі Зере мен анасы Ұлжанның жас бала қиялы мен санасының, мінез-құлқының қалыптасуына әсері мол болды.
Ол екеуі айтқан ертегі, аңыз-әңгіме, күлдіргі, мысқыл, ел басынан өткен тарихи оқиғалар зерделі
бала-Абайдың санасына біртіндеп сіңе берді. Осылайша, бала Абай өз халқының рухани ой қазынасына қанығып өсті.
4-оқушы:
Абай 10-12 жасында мұсылманша оқып, хат таниды. Ал, 12 жасында Семейдегі
Ахмет Риза медресесіне оқуға түседі.Медреседе жүргенде 14 жасында 3ай орыстың
«приходская школында» орысша сабақ оқыды.
5-оқушы:
Осы 4 жылдық медреседегі және 3айлық орыс мектептеріндегі оқуы аяқталып,
15 жасында үлкендерден білімі артып, ел ішіндегі жұртты өзіне қаратып, әкесіне көп көмегін тигізеді.
Ел-жұрт оны би етіп сайлайды.
6-оқушы:
20 жасында ол от тілді шешен, халық өмірі мен әдетін, билік туралы істі көп білген көсем болған.
Мақал, ертегі, нақыл сөздерді тез меңгерген. Жаңа заманның ретімен Абай білімге ден қойып,
Араб, парсы, түркі тілдерін үйренді.
7-оқушы:
Абай 14 жасынан өлең шығарған. Ол жастар арасында кең таралғанымен, оған онша мән бермейді.
Абайдың өнерге бет бұруына себепкер орыс достары Грось пен Михаэлис болды.
8-оқушы:
Абай орыстың ақын-жазушылары – Пушкиннің, Лермонтов, Крылов, Толстой, Тургеневтің еңбектерін оқыған. Олардың шығармаларын оқи отырып, оөық ойлы Абай орыс мәдениетін, өнерін, білімін үлгі еткен.
Бұл да Абайдың даналығы.
9-оқушы:
Абай кестелі сұлу сөздің иесі, көркем әдебиеттің темірқазығы, өшпейтін жарық жұлдызы.
Абай шығармаларын қазақ балалары кімнің алдында болса да, ұялмай мақтанышпен айта алады.
Назым: Абай – ақын.
- Ұлы ақынның туған жері – табиғаты тамаша Семей жері, Шыңғыс тауының етегі.
Осы туған жердің табиғаты, туған отбасы, заманы –барлығы Абайдың сезіміне, жүрегіне әсер етіп,
оның ақындығына ықпал етті.
Енді өзіміз білетін Абай атамыздың өлеңдеріне кезек берелік.
(әр топ өздері таңдаған сурет тақырыбына қатысты 4 жол тақпақ айтады)
- «Қыс»
- «Жазғытұры»
- «Жаз»
- «Күз»
- «Ғылым таппай мақтанба»
Зерек:
- Көріп отырғандай ақын өз өлеңдерінде қараңғылық, надандық, кертартпалықпен күрескен, халық қамын ойлаған, жастарды білімге, еңбекке, өнерге шақырған.
Зерек:Абай – сазгер.
- Абай қазақтың ән-күйін сүйіп тыңдаған. Жаяу Мұса, Біржан сал, Ақан сері,
Тәттімбет сияқты халық сазгерлерін ерекше бағалаған. Өзі де бірнеше ән шығарған.
• Тәңір қосқан жар едің сен
• Сегіз аяқ
• Көзімнің қарасы
• Қор болды жаным
• Бойы бұлғаң
• Айттым сәлем, Қаламқас
• Біреуден біреу артылса
• Көңіл құсы құйқылжытар шартарапқа
• Сен мені не етесің?
• Ата-анама көз қуаныш
• Сүйсіне алмадым сүймедім
• Желсіз түнде жарық ай
Құлақтан кіріп бойды алар
Әсем әнмен тәтті күй- дей келе әсем әнге кезек берейік
«Желсіз түнде жарық ай» әнін 11 сынып ұлдарының орындауында қабыл алыңыздар.
Назым:Абай – ойшыл.
- Абай-ойшыл дегенде біздің есімізге оның қара сөздері түседі.
Қара сөздері терең ой мен күрделі пікірге құрылған.
Жақсы мен жаман туралы баяндайды, халқын алға ұмтылуға шақырады. Абайдың 45 қара сөзі бар.
Олай болса сол қара сөздерінен үзінді тыңдайық.
(Үнтаспадан қара сөздер тыңдау)
Сынып оқушылары талдап түсіндіру
Зерек:Абай – аудармашы.
- Абай орыс ақыны А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романынан үзінділер, М.Ю.Лермонтовтың,
И.Гетенің шығармаларын сүйіп оқып, аударған. Біз оқыған «Шегіртке мен құмырсқа» мысалын да
И.А.Крыловтан аударған Абай атамыз екен.
Абай атамыздың орыс және ағылшын тілінде аударған өлеңдерін тыңдайық
(Оқушылар орысша, ағылшынша өлеғдері мен қара сөздерін айтады)
Ал енді қыздардың орындауында «Көзімнің қарасы»қабыл алыңыздар
Зерек
Жүрегін шырақ етіп жандырған кім?
Жырымен жан сусынын қандырған кім? Өзіне –өзі орнатып ескерткішті,
Мұра ғып, кейінгіге қалдырған кім?
Назым
Абай – ақын ер еді,
Абай дана, сері еді,
Абайдың рухын өлтірмей,Асқақтатқан елі еді
Аспандақан жері еді.
Зерек
Жұртына өлең қалдырған
Абай неге өледі?
Абай неге сөнеді?!
Ақын дауыл, сел еді,
Сақтайды ұл-қыз дарынды,
Халқының әдет-ғұрпын.
Біздердей ұрпақтарыңды
Жүрсінші қолдап рухың.
Назым
Ақын жаны кең еді,
Ойлағаны елі еді.
«Халқым, жұртым» дегенде
Талай шабыт кеп еді,
Дара ақын ер еді,
Жүрген жері төр еді.
Ақындар жырлап айтқандай
«Абай тіл мен көз» еді.
Абай жыры мәңгілік,
Жүрегім оны сезеді.
Зерек
Ары таза, иманы мол данышпан,
Заман үнін сезе білген алыстан.
Өлеңімен оятып әр сананы,
Өмір бойы надандықпен алысқан.
Назым
Дана Абайға тең келмес ешбір ақын,
Танытты ол адамзаттың асыл затын.
Қырық бес қара сөзді жазып кетті,
Шырақ қып ұстап жүрміз атап атын.
Зерек
Аты өшпейді Абайдың мұным анық.
Ар-ожданын намысқа жанып алып,
«Қалың елім - қазағым» деп жырлады,
Зередей әжесінен тәлім алып.
Назым
Әр сөзінде астарлы ой тұрады.
Оқысаң, ашылады ой тұманы.
Сүрініп, жығылмауға Абайды оқы,
Абай сөзі – қазақтың бойтұмары
Қорытынды
Мұғалім: Абай ойларына, Абай әлеміне саяхат жасамақ болғандардың бір мойындауға тиісті ақиқаты –
Абайды түсінудің сан сатылы болатыны. Абаймен сырласуға, Абай әлеміне саяхат жасауға әркімнің де қақысы бар.
Абайдың өзі "болмасаң да ұқсап бақ" деген.
Абайдың мың қырлы, мың тәлімі бар.Бүгінгі тәрбие сағатымыздың барысында сол мың қырлы мың тәлімнің теңіздегі тамшыдайын ғана өзімізше түсініп, әңгіме еттік деп ойлаймын
- Осымен сабағымыз аяқталды,Абайдың өн бойы толы рухани байлығын бойларыңа сіңіріп,
білімдеріңді толықтырдыңдар деп ойлаймын